«Бағдарлама ауылшаруашылық шикізатын қайта өңдеу, шағын наубайхана, жиһаз және құрылыс материалдарын өндіру сияқты тез нәтиже беретін, технологиялық жағынан қарапайым, жылдам жүзеге асырылатын жобаларға бағытталған», – деп атап өтті Серік Жұманғарин.
Қаржылық шарттар
Бағдарламада екінші деңгейлі банктер арқылы жыл сайын 400 млрд теңге несие бөлу қарастырылған.
- Несие: бір жобаға 200 млн теңгеге дейін.
- Мөлшерлемесі: ~8,8% (40%-ы мемлекеттен субсидияланады).
- Мерзімі: 3 жылға дейін.
- «Даму» беретін кепілдік: кепілге қоятын заты жоқ немесе жеткіліксіз болған жағдайда қарыз сомасының 85%-ына дейін.
Ресурстар мен инфрақұрылым
Серік Жұманғариннің айтуынша, бизнес ақшаны ғана емес, нақты ресурстарды да ала алады, олар – жеңілдікпен үй-жайларды, жер телімдерін жалға алу және коммуникациялар жүргізу. Өндірісті тиімді іске қосу үшін сервистік сүйемелдеу және сол салаға бағытталған онлайн-оқыту курстары енгізілуде. Бұл ретте мемлекеттік қолдауды алуда басымдық «Ауыл аманаты» және «Бір ауыл – бір өнім» жобаларына қатысушыларға беріледі.
Өтінімді қалай беруге болады?
Өтінімдерді беру egov.business және Damu Online порталдары арқылы автоматтандырылған түрде жүргізіледі. Шалғай аудандар үшін көшпелі формат қарастырылған: арнайы мобильді кеңселер (автобустар) жергілікті жерлерде кеңес беріп, құжаттарды қабылдайды.