Негізгі жаңашылдықтардың бірі – жоспардан тыс тексерулер жүргізу кезінде мемлекеттік бақылаудың күтпеген (кенеттен) қағидатын енгізу болып табылады.
«Бұрын балалар құқықтарының бұзылуы туралы сигнал түскен жағдайда, бақылау шаралары алдымен тіркелетін, ал тексерілетін субъект болашақ тексеру туралы алдын ала біліп, оған дайындалу мүмкіндігіне ие болатын. Ал, бүгінде жоспардан тыс тексерулер алдын ала ескертусіз жүргізіледі», – деді спикер.
Оның айтуынша, жаңа мемлекеттік бақылау жүйесі жоспарлы және жоспардан тыс тексерулерді көздейді. Жоспарлы тексерулер алдыңғы бақылау нәтижелерін, мониторинг деректерін, есептілікті, ақпараттық жүйелерден алынған мәліметтерді, ашық дереккөздерді, сондай-ақ бір жыл ішінде түскен расталған өтініштер санын ескере отырып, тәуекелдерді басқару жүйесі негізінде қалыптастырылады.
Жоспарлы тексерулердің жылдық тізімі автоматты түрде қалыптастырылып, Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің интернет-ресурсында орналастырылады.
Жоспардан тыс тексерулер баланың құқықтарының бұзылғаны туралы нақты фактілер болған жағдайда жүргізіледі. Оларды жүргізуге азаматтар мен заңды тұлғалардың өтініштері, прокурордың талаптары, мемлекеттік органдардың өтініштері, бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарияланымдар, сондай-ақ қылмыстық қудалау органдарының тапсырмалары негіз бола алады. Бұл ретте анонимді өтініштер жоспардан тыс тексеру жүргізуге негіз болып табылмайды. Балалардың құқықтарының бұзылуына куә болған азаматтар Балалардың құқықтарын қорғау комитетіне e-Otinish порталы арқылы өтініш бере алады. Осы өтініш негізінде жоспардан тыс тексеру басталады.
«Бақылаудың жаңа тетіктері жазалау сипатында енгізілмейді. Әңгіме алдын алу, тәуекелдерді уақытылы анықтау және балалар тұратын және баратын ұйымдар қызметін жүзеге асыратын басшылардың жауапкершілігін арттыру туралы болып отыр. Қазіргі уақытта мемлекеттік органдармен бірлесіп ерекше бақылауға жататын объектілердің тізілімі қалыптастырылуда, сондай-ақ заңнаманың жаңа нормаларын қолдану мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Балалардың құқықтарын қорғау комитеті балалардың құқықтарын қорғау және қауіпсіз орта қалыптастыру бағытындағы жүйелі әрі дәйекті жұмысын жалғастырады», — деп қорытындылады Юлия Овечкина.