«Референдум – 2026» онлайн марафоны аясында ОКҚ алаңында өткен брифингте «Дауыс» қоғамдық байқаушылар коалициясының төрағасы Төлеген Құнәділов 9779 ашық дауыс беру учаскесіне үрдістің күрделілігін түсінетін, байқаушы ретінде құқықтары мен міндеттерін нақты сезінетін, жауапкершілігі мол тәжірибелі адамдар бекітілгенін айтты. Олар бүгін таңғы сағат 6.00-ден бастап барлық ашық дауыс беру учаскесінде жұмысқа кірісті. 

«Олар қорытынды хаттамаларды алғанға дейін қызмет етеді. Сонымен қатар өңірлерде нақты уақыт режимінде ахуалдық орталықтар ашылған. Тікелей әр учаскедегі ахуалды біліп отыруға мүмкіндік бар. Күні бойы байқаушылардан келіп түскен ақпаратқа жүгінетін болсақ, қазір барлық үрдіс заң шеңберінде өтіп жатыр. Референдум комиссиясының жұмысына, басқа да қатысушыларға да ешқандай ескертулер жасалмады», – деді спикер.

Айта кетерлігі, барлық дауыс беру учаскесі жабылғаннан кейін байқаушылар өзінің қоғамдық бақылау тетігін қолдана отырып, дауыстарды, бюллетеньдерді санау үрдісіне толыққанды қатысады.