Оның айтуынша, Ақмола облысында Қалқұтан өзеніндегі су деңгейінің көтерілуі салдарынан Астрахан ауданының Қалқұтан, Ескі Колутон, Ягодное елді мекендері су басу аймағына түсуі мүмкін. Жабайы өзенінен Атбасар қаласының саяжайлары, Аршалы өзенінен Бұланды ауданының Новобратское ауылы, Астрахан ауданының Жаңатұрмыс ауылы қауіп аймағында. Қарағанды облысында Көкпекті өзенінен Сортировочная станциясы, Ақтөбе облысында Ор өзенінен Хромтау ауданының Талдысай ауылы, БҚО-да Шаған өзенінен Орал қаласының саяжайлары, Бәйтерек ауданының Макаровка, Асан, Белес ауылдары, Деркөл өзенінен Тасқала ауданының Берлік, Тасқала, Сұлүкөл, Зеленое, Қаражар, Қайнар ауылдарына қауіп төнуі мүмкін. СҚО-да Есіл өзенінен Петропавл қаласының саяжайларына, Қызылжар ауданының Тепличное, Вишневка, Кривозерка, Соколовка, Далматово, Кустовое ауылдарына, Абай облысында Аягөз өзенінен Аягөз қаласының саяжайларына қауіп бар.

Спикердің айтуынша, ықтимал су тасқыны жағдайында кезең-кезеңімен әрекет етуді анықтау үшін Tasqyn ақпараттық жүйесі негізінде мемлекеттік органдармен бірлесіп су тасқынының алдын алу алгоритмі әзірленген.

Қолда бар болжамдық деректерді ескере отырып, жедел әрекет ету үшін 2025 жылы қосымша 842 техника, 27 жүзу құралы, шамамен 2 мың құтқару жабдығы мен құрал-сайман, 6 тікұшақ және 4 ұшақ сатып алынған.

«Сондай-ақ министрліктің 930 адам, 113 түрлі техника, 99 су сорғыш құрал және 35 жүзу құралынан тұратын резерві тұрақты дайындықта тұр. Қажет болған жағдайда алгоритмге сәйкес ҚР ТЖМ авиациясы, Ұлттық ұлан, Қорғаныс министрлігі, ҰҚК, сондай-ақ «Қазақстан темір жолы» ҰК АҚ теміржол көлігі тартылады. Жалпы, азаматтық қорғау қызметтерінің дайындығы «Көктем» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы аясында тексерілді. Ведомствоаралық өзара іс-қимыл алгоритмдері, халықты эвакуациялау мәселелері және 3 мыңнан астам уақытша орналастыру пунктілерінің дайындығы пысықталды. Су тасқыны жағдайының дамуына қарай су басу аймақтарында күштерді жедел күшейту қарастырылған. 2026 жылғы 1 наурыздан бастап тәулік бойы министрліктің жедел су тасқынына қарсы штабы жұмыс істейді, оған су ресурстары және ирригация, экология және табиғи ресурстар, көлік, денсаулық сақтау, ішкі істер, жасанды интеллект және цифрлық даму министрліктерінің өкілдері тартылған. Гидрологиялық жағдай мен су басу қаупі бар елді мекендерге тұрақты мониторинг жүргізілуде. Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық қызметтер жоғары дайындық режимінде», – деді Серік Жүнісбеков.

Комитет төрағасы жағдай күрделенсе, қажетті шешімдер жедел қабылданатынын атап өтті.