Спикердің ақпараты бойынша, бүгінгі таңда жалақы бойынша ағымдағы және мерзімі өткен берешекті 36%-ға — 876 млн-нан 554 млн теңгеге дейін төмендету мүмкін болды. Мемлекеттік бақылау шеңберінде қабылданған шаралардың нәтижесінде 17,5 мыңнан астам қызметкердің құқығы қорғалды.

«Комитет мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру функциясын күшейтті. Мысалы, өткен жылы осы кезеңде 11 мың азаматтың еңбек құқығы қорғалса, қазір — 17 мың. Қаралған өтініштер саны 70%-ға өсті, профилактикалық бақылау тексерістерінің саны үш есе артты, сондай-ақ анықталған заң бұзушылықтар саны да көбейді», — деп толықтырды Комитет төрағасы.

Комитет бақылау қызметімен қатар еңбек дауларының профилактикасына және цифрлық мониторингке үлкен көңіл бөлуде. Қазір еңбек тәуекелдерінің картасы 98 мың кәсіпорынды қамтиды.

Мейрамбек Ахметовтің айтуынша, әлеуметтік шиеленіс қаупі жоғары кәсіпорындар саны да біртіндеп азайып келеді. Мәселен, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда ереуілдер саны екі есе — 6-дан 3 жағдайға дейін азайды.

«Біз еңбек дауларының алдын алуға ерекше көңіл бөлеміз. Еңбек заңнамасын түсіндіру бойынша ауқымды жұмыс жүргізіп жатырмыз, ай сайын еңбек ұжымдарымен, жұмыс берушілермен және кәсіподақтармен кездесеміз. Еңбек заңнамасының нормаларын, азаматтар мен қызметкерлердің құқықтарын түсіндіру үшін барлық түрлі алаңдарды пайдаланамыз», — деп атап өтті ол.