Құрылыс саласында жобалаудан бастап құрылыс барысын бақылауға дейінгі барлық кезеңде ЖИ енгізіліп жатыр. Жоспарлау және қала құрылысы кезеңінде цифрлық бас жоспарлар мен егжей-тегжейлі жоспарлау жобасының (ЕЖЖ) жүзеге асырылуын бақылау үшін жасанды интеллектпен ұштастыра отырып, «компьютерлік көруді» қолдану бойынша пилоттық жоба іске қосылды.

Жүйе нысандардың нақты жағдайын бекітілген жобалық құжаттамамен салыстырады. Бұл сәйкессіздіктерді анықтау уақытын 3 жұмыс күнінен 4 сағатқа дейін қысқартуға және заңсыз құрылыс қаупін азайтуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, «Қазақтелекоммен» бірлесіп қалалардың цифрлық сыңарларын жасау үшін дрондарды пайдалану қолға алынды. Жобалау және мемлекеттік сараптама кезеңінде BIM-жобаларды тексеру үшін жасанды интеллект енгізу жоспарланған. Ол үшін құрылыс нормативтері машинамен оқылатын форматқа ауыстырылады, бұл жобаларды алдын ала тексеруге және сараптама мерзімдерін қысқартуға мүмкіндік береді.

«Бұл, сондай-ақ, топырақ сипаты мен сейсмикалық ерекшеліктерін ескере отырып, әр өңірдегі үлгілік жобаларды қарау мерзімдеріндегі айырмашылықтарды жояды, бүкіл ел бойынша мемлекеттік сараптаманың бірыңғай және ашық ережелерін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, BIM-ді, жобалаудың міндетті стандарты ретінде, бірінші кезеңде – өнеркәсіптік құрылысқа енгізу жоспарланып отыр», – деп атап өтті Ерсайын Нағаспаев.

Министр өнеркәсіпте жасанды интеллект қазірдің өзінде сапаны бақылау және өндірістік процестерді оңтайландыру үшін қолданылатынын айтты. Сондай-ақ, тау-кен өнеркәсібінде жасанды интеллект негізіндегі шешімдер енгізілуде.