Қаржыландыру республикалық және жергілікті бюджеттер, Ұлттық қор, сондай-ақ арнайы мемлекеттік қор қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

Жалпы, тапсырманы іске асыру кезеңінде 835 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді, 34 қала мен 756 ауылдық елді мекен сумен жабдықтау қызметтеріне қол жеткізді, 699 ауылда жергілікті бюджет есебінен суды тазартудың блокты-модульдік станциялары орнатылды.

Қазіргі уақытта Мемлекет басшысы тапсырмасының мақсатты көрсеткіші толық орындалып, елдегі барлық елді мекендер сумен жабдықтау қызметтерімен қамтылды. Атап айтқанда, 90 қала мен 6 075 ауылдық елді мекен (халқы 7,5 млн адам) толық қамтылған.

Соның ішінде 4 725 ауылдық елді мекен орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйелеріне қосылған (ауыл халқының 96%-ы қамтылған); 1 350 ауылдық елді мекен орталықтандырылмаған сумен жабдықтау жүйелерімен қамтамасыз етілген (ауыл халқының 4%-ы), оның ішінде: 1 103 ауылда блокты-модульдік тазарту станциялары орнатылған (ауыл халқының 3,6%-ы қамтылған); 233 шағын ауылда сумен жабдықтау жеке ұңғымалар арқылы жүзеге асырылады; 14 ауылда шалғай орналасуына және су көздерінің болмауына байланысты су тасымалдау арқылы жеткізіледі.

Сумен жабдықтаудың әртүрлі модельдерін қолдану халықты сумен қамтуды қамтамасыз етіп қана қоймай, тиімсіз күрделі шығындардың алдын алуға мүмкіндік береді.

Сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін дамыту мен жаңғырту жұмыстары алдағы уақытта да жалғасатын болады.

«Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында коммуналдық желілердің тозуын кезең-кезеңімен төмендету; инфрақұрылымның сенімділігін арттыру; ресурстарды басқару мен есепке алудың заманауи технологияларын енгізу көзделген.

Сонымен қатар, 2026 жылы жалпы сипаттағы трансферттер есебінен сумен жабдықтау және су бұру бойынша 320 жобаны іске асыруға 209 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде қалаларға – 144 млрд теңге, ауылдық елді мекендерге – 65 млрд теңге бағытталды.