Биыл жалпы қуаты 245 МВт болатын 10 жаңа ЖЭК нысанын іске қосу жоспарланған. Оның ішінде 4 жел электр станциясы, 5 күн электр станциясы және 1 гидроэлектр станциясы бар.

ЖЭК-тің электр энергиясын өндіру құрылымындағы үлесі 2025 жылдың қорытындысы бойынша 7%-ға жетті. Қазақстан бұл көрсеткішті 2030 жылға қарай 15%-ға дейін арттыруды жоспарлап отыр.

Еліміз таза энергетика секторын белсенді дамытуда. Салаға TotalEnergies, China Power, Masdar және China Energy сияқты белгілі халықаралық компаниялар тартылды.

Ұзақ мерзімді перспективада 2035 жылға дейін елде ЖЭК-тің 8 ГВт-тан астам қуатын енгізу жоспарланып отыр. Бұл жобалар ұлттық энергетикалық жүйенің тұрақтылығын күшейтіп, энергетикалық қауіпсіздікті арттыруға және энергия теңгерімін әртараптандыруға мүмкіндік береді.