Оның айтуынша, ІІМ-нің «mvd.gov.kz» сайтында киберқылмысқа қарсы күрес бойынша арнайы айдар бар, сондай-ақ «cybercrime.kz» ресми сайты және әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде Департаменттің парақшалары жұмыс істейді. Онда интернет-алаяқтық жасау тәсілдерін сипаттайтын маңызды мәліметтер мен оларды алдын алу бойынша қабылданатын шаралар жарияланған.
«Ұйымдастыру-практикалық және алдын алу шараларының нәтижесінде ағымдағы жылғы 4 айдың қорытындысы бойынша оң динамика қамтамасыз етілді. Мәселен, интернет-алаяқтықтың тіркелуі 2,5%-ға азайды. Ал оны ашу деңгейі 32,2%-дан 40%-ға өсті, яғни өсуі 7,8%-ды құрайды. Ашылмаған қылмыстық істер саны 16,6%-ға кеміді. Бұл ретте келтірілген залалдың жалпы сомасы 20 млрд құрады, ал қайтарылған қаражаттар 4 млрд-қа жуық болды. Телекоммуникациялық инфрақұрылымды қылмыстық мақсатта пайдалануға тосқауыл қою жұмыстары жалғасуда. Барлығы 147 млн алаяқтық қоңыраулар бұғатталды», – деді спикер.
Интернет-алаяқтыққа қарсы әрекет етудің басты элементі - Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің «Антифрод-орталығымен» өзара іс-қимыл жасасу. Есептік кезеңде 111 мың инцидент қалыптасты, оның ішінде 44 мыңға жуық инцидент ішкі істер органдары тарапынан жасалды. Нәтижесінде ақша жіберушілердің есеп-шоттарындағы 2 млрд-тан астам теңге мен «дроптардың» есеп-шоттарындағы 700 млн теңгеден астам ақшалай қаражат бұғатталды. Өз еркімен жәбірленушілерге 528 млн теңге қайтарылды.
Сонымен қатар ағымдағы жылы ІІМ Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл жөніндегі 2026-2028 жылдарға арналған ведомстволық бағдарламаны іске асыруға кірісті. Бағдарламаны іске асыру шеңберінде кездесетін осы саладағы өзекті проблемаларға жан-жақты талдау жүргізіліп, олардың тиімді шешімін қамтамасыз ету мақсатында бірқатар ұйымдастырушылық және практикалық шаралар қабылдануда. Мәселен, интернет-алаяқтыққа қарсы күрестегі жұмыстың тиімділігін арттыру мақсатында жедел-профилактикалық іс-шараларды өткізудің жаңа форматы енгізілді. Яғни, бұрынғы 3 күнде өтетін іс-шара, енді 3 ай көлемінде жүргізіледі.
Оның негізі себебі киберқылмыстың трансұлттық сипатта болуы, шекара талғамайтыны және халықаралық ынтымақтастықты күшейтумен байланысты.