«Кейінгі жылдары мәдениет ұйымдарының материалдық-техникалық базасын жаңарту жұмыстары да кезең-кезеңімен іске асып жатыр. Атап айтқанда, Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымы, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі, Astana Ballet театры бірқатар ұжымдардың сахналық костюмдері, музыкалық аспаптары мен техникалық жабдықтары жаңартылды», – деді спикер. 

Былтыр азаматтық қызметшілердің жекелеген санаттарының жалақысы кезең-кезеңімен орта есеппен 20%-ға артты. 2022-2025 жылдар аралығында мәдениет және архив саласының 64 мың қызметкерінің жалақысы айтарлықтай өсті. Мәдениет және бұқаралық ақпарат құралдары саласының қызметкерлеріне 331 пәтерге сертификаттар табысталды.

Сонымен қатар Ш.Талап Мәдениет және өнер қызметкерлері күні аясында өтетін негізгі іс-шараларға да тоқталып өтті. Мәселен, 19 мамыр күні елордада «Мәдениет және инновация» республикалық форумы басталады. Форум музей, кітапхана, архив, мәдениет үйлері өкілдерінің, сарапшылардың, креативті индустрия, бизнес және технологиялық компаниялар мамандарының басын қосатын үлкен мәдени алаңға айналмақ. Шараға алыс-жақын шет елдерден білікті сарапшылар, ел өңірлерінен 600-ден аса мәдениет саласы өкілі қатысады.

Бүгін – Халықаралық музей күні. Атаулы датаға орай республикалық «Музей түні» акциясы өтеді. Жалпы ел музейлерінде тарихи мұра, өнер, заманауи технологиялар мен этномәдени бағыттарды тоғыстырған кешкі және түнгі бағдарламалар ұйымдастырылады. Сондай-ақ Мәдениет және ақпарат министрінің тапсырмасымен тағы бір өте маңызды жоба – 21 мамыр күні «Халық әуені» шығармашылық керуені бастау алады. Еліміздің жетекші өнер ұжымдары өңірлерге, аудан орталықтары мен ауылдарға жол тартады. Жоба аясында жетекші шығармашылық ұжымдар еліміздің 17 өңірін аралап, шалғайдағы елді мекен тұрғындарына ұлттық әрі заманауи өнердің таңдаулы туындыларын тарту етеді.