Бүгінде республика бойынша бірқатар әмбебап бөлімшелер жұмыс істейді. Олардың үшеуінің құрамына Ақмола облысындағы Апаттар медицинасы орталығының «Макинск» және «Аршалы», сондай-ақ Павлодар облысындағы «Аққулы» трассалық медициналық-құтқару пункттері біріктірілді. Медициналық бригадаларды әмбебап бөлімшелер құрамына енгізу төтенше жағдай аймағында қосымша қызметтердің келуін күтпей-ақ шұғыл медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Бұл әсіресе жол-көлік оқиғалары, апаттар және зардап шеккендер бар өзге де төтенше жағдайлар кезінде аса маңызды, себебі мұндай сәттерде уақыт шешуші фактор болып табылады. Оқиға орнына келген алғашқы минуттардан бастап көмек көрсету зардап шеккендердің өмірі мен денсаулығын сақтап қалу мүмкіндігін арттырады.

2025 жылы Ақмола облысындағы әмбебап бөлімшелер шұғыл медицина мен құтқару міндеттеріне бейімделген өтімділігі жоғары арнайы техникамен қосымша күшейтілді. Аталған техниканы пайдалану медициналық бригадалардың ұтқырлығын едәуір арттырып, жолсыз жерлер мен қолайсыз ауа райы жағдайларында да оқиға орнына жету уақытын қысқартуға мүмкіндік берді.

Әмбебап бөлімшелердің жұмыс тәжірибесі өрт сөндіру, құтқару және медициналық қызметтерді бір бөлімше құрамына біріктіру оқиға орнында бірыңғай басқару мен іс-қимылды үйлестіруді қамтамасыз ететінін көрсетті. Әмбебап бөлімшелерді енгізу ден қою сапасын арттырудың тиімді құралы болып табылады және ТЖМ жүйесін дамыту жөніндегі стратегиялық міндеттерге толық сәйкес келеді.