Өткен жылдың қорытындысы бойынша қазақстандық авиакомпаниялар 15 млн жолаушы тасымалдады, ал әуежайлар 32 млн адамға қызмет көрсетіп, 173 мың тонна жүк өңдеді. Биылғы алғашқы 4 айда ішкі жолаушылар ағыны өзгеріссіз қалып, 4 млн адамнан асты, алайда жүк тасымалы сегментінде Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты төмендеу тіркеліп отыр. Бұл аптасына 80-ге жуық рейсті, яғни жалпы көлемнің 10%-дан астамын уақытша тоқтатуға әкеп соқтырды.

«Рейстердің қысқаруы халықаралық жолаушыларға, жүк тасымалына және әуежайлардың жұмысына тікелей әсер етті. Осыған қарамастан, қауіпсіздікті одан әрі арттыру мақсатында Әуе апаттарын тергеу орталығы құрылды, авиациялық әкімшілікке халықаралық деңгейдегі сарапшылар тартылды. ICAO-мен бірлесіп 2050 жылға дейінгі кешенді жоспары әзірленуде, оны осы жылдың соңына дейін қабылдаймыз», – деді көлік министрі Нұрлан Сауранбаев Үкімет отырысында.