Орналастыру орындарының жиынтық табысы 350 млрд теңгеден асты. 

«Орналастыру орындарының саны 4 482 бірлікке жетті (180 бірлікке өсті). Туризм саласына тартылған инвестициялар көлемі 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 30%-дан астам өсіп, жалпы сомасы 1 256,9 млрд теңгені құрады», – деді спикер.

Биылғы жазғы туристік маусымға дайындық мәселелері Министрліктің тұрақты бақылауында. Осы бағытта әкімдіктермен және салалық мемлекеттік органдармен бірлесіп тиісті жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, Алматы облысындағы кездесу аясында №5 жағажай Қазақстанның үздік жағажайларының бірі ретінде таныстырылды. Абаттандыру аясында мұнда 48 бейнебақылау камерасы орнатылды, 3 қоғамдық санитарлық-гигиеналық торап жабдықталды, 42 киім ауыстыру кабинасы мен 25 душ кабинасы орнатылды. Сондай-ақ жағажай аумағында 45 қоқыс бөшкесі және 4 құтқару мұнарасы салынды. Қазіргі осы бағытта Қонаев қаласының №6 және №7 коммуналдық жағажайларын салу және абаттандыру жұмыстары жалғасуда.

Алматы облысында көлік инфрақұрылымын жаңғырту және жаңа туристік локацияларға қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында «Көшпенділер қаласы» туристік нысанына дейінгі ұзындығы 6,8 шақырым автомобиль жолының құрылысы мен электр желісін тарту жұмыстары аяқталды. Сондай-ақ ағымдағы жылы Қайыңды көліне апаратын ұзындығы 9,9 шақырым автомобиль жолына күрделі жөндеуден өткізілмек. 2025 жылы жаңа туристік локациялар құру мақсатында Қастек шатқалынан «Шарын» ұлттық паркіне дейінгі ұзындығы 1 500 шақырымнан асатын туристік маршрут зерттеліп, 2ГИС, Yandex Maps және Google Maps сервистеріне енгізілді.