Спикер атап өткендей, әлемнің негізгі инвестициялық орталықтарында шетелдік өкілдіктер ашу есебінен инвестиция тартудың сыртқы контурын күшейту жоспарда бар. Олар инвесторлар мен әлеуеті бар жобаларды сүйемелдеу бойынша фронт-офистердің функцияларын атқарады. Сондай-ақ даму институттарын трансформациялау жүргізілуде.
«Бәйтерек» холдингінің құрылымында төрт салалық инвестициялық дирекцияны қамтитын Инвестициялық қызмет құрылды. Оның міндеті – өңірлердің қажеттіліктерін ескере отырып, инвестициялық жобаларды сапалы дайындау және кейіннен бұл жобаларды Kazakh Invest компаниясына беру», - деп хабарлады Арман Қасенов.
Бұдан бөлек, Kazakh Invest базасында «бір терезе» принципі бойынша кешенді қызметтер көрсететін инвесторларды қолдаудың бірыңғай орталығы – «Kazakhstan Investment House» құрылады.
«Жаңа инвестициялық жобаларды қалыптастыруға ерекше назар аударылуда. Бизнес-қоғамдастықпен бірлесіп, импортты алмастыру және экспорттық әлеуеті жоғары перспективалы бағыттар айқындалуда. Сондай-ақ инвесторларға нарықтар, инфрақұрылым, ресурстық база және мемлекеттік қолдау шаралары туралы толық ақпарат беруді көздейтін «инвестицияларға тапсырыс» тетігі жетілдіріліп жатыр», - деп толықтырды спикер.
Басқа шаралардың қатарында әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларды өңірлік даму институттарына трансформациялау, арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарды жаңғырту, сондай-ақ инвестициялық қызметті одан әрі цифрландыру бар.
Арман Қасенов атап өткендей, жобалардың іске асырылуын нақты уақыт режимінде қадағалауға және туындаған мәселелерді жедел шешуге мүмкіндік беретін Ұлттық цифрлық инвестициялық платформаның рөлі күшейтіледі.
Инвесторлардың құқықтарын қорғауды нығайту үшін Бас прокуратура жанынан дауларды сотқа дейін реттеудің арнайы алаңы құрылады. Сонымен қатар әрбір өңірде инвесторларға құқықтық қолдау көрсетуді және инвестициялық жобаларды сүйемелдеуді қамтамасыз ететін инвестициялық прокурорлар пайда болады.