Ең ауқымды жобалардың бірі өңірдегі 130-дан астам ауылдық елді мекенді қамтитын талшықты-оптикалық байланыс желілерін салу болмақ. Бұл тұрғындарды жоғары жылдамдықты интернетке кезең-кезеңімен қосуға мүмкіндік беретін берік инфрақұрылымдық негіз қалыптастырады.
Сонымен қатар республикалық және облыстық маңызы бар автожолдардың бойында антенна-діңгек құрылыстары салынуда. Соның нәтижесінде облыстың ең көп пайдаланылатын көлік бағыттарында мобильді байланыс пен интернеттің қолжетімділігі артады. Жалпы өңір бойынша Ақтоғай, Бұқар жырау, Қарқаралы, Осакаров, Шет аудандарында және Балқаш қаласында 14 антенна-діңгек құрылысы орнатылады.
Ауылдық аумақтарды цифрлық инфрақұрылыммен қамтуға ерекше назар аударылып отыр. 2027 жылдың соңына дейін ондаған ауылда «соңғы миля» желілерін салу жоспарланған. Бұл инфрақұрылым сымды интернетті тұрғындардың үйлеріне дейін тікелей жеткізуге мүмкіндік береді.
Өңірде 5G технологиясын енгізу жұмыстары да жалғасуда. Бүгінде жаңа буын желісі Қарағанды қаласында жұмыс істеп тұр, ал алдағы уақытта оның қамту аумағы кеңейтіледі. Заманауи байланыс стандарттарын дамыту бизнеске, білім беру саласына, медицинаға және цифрлық сервистерге қосымша мүмкіндіктер ашады.
Дәстүрлі инфрақұрылым салу қиындық туғызатын шағын әрі шалғай елді мекендерде спутниктік технологиялар қолданылуда. Соның арқасында халық саны аз ауылдардың тұрғындары мен мемлекеттік мекемелер интернетке қол жеткізіп отыр.
Туристік аумақтарды дамыту да негізгі бағыттардың бірі болып қала береді. Қарағанды – Балқаш тасжолы бойында және курорттық аймақтарда жаңа байланыс нысандары салынуда. Ал Қарқаралы ауданында қолданыстағы инфрақұрылым жаңғыртылып жатыр.
Облыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Константин Ильницкий атап өткендей, барлық жобалардың басты мақсаты – заманауи цифрлық қызметтердің тұрғылықты жеріне қарамастан әрбір тұрғынға қолжетімді болуын қамтамасыз ету.
«Біздің міндетіміз – қала мен ауыл арасындағы цифрлық теңсіздікті азайту. Сол үшін байланыс инфрақұрылымын жүйелі түрде дамытып келеміз. Ең шалғайдағы елді мекендердің тұрғындары да сапалы интернетті, мемлекеттік қызметтерді, білім беру және медициналық онлайн-сервистерді толыққанды пайдалана алуға тиіс», – деді Константин Ильницкий.
Аталған жобаларды іске асыру өңірдегі байланыс сапасын жақсартып, тұрғындарды тұрақты интернетпен қамтамасыз етуге, сондай-ақ экономика мен туризмнің дамуына қосымша серпін беруге мүмкіндік береді.