Оның айтуынша, соңғы жылдары сот жүйесінде судьялар тапшылығы тұрақты сақталды. Бұл судьялар жүктемесінің артуына, істерді қарау мерзіміінің ұзаруына әкеп соқтырды.

«Біздің міндетіміз кадр тапшылығына одан әрі жол бермеу ғана емес, оны кезең-кезеңімен қысқарту болды. Бұл жұмыстың нақты нәтижесін көріп отырмыз. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Жоғары Сот Кеңесі алғаш рет судьялардың қызметтен кетуінің орнын толтырып қана қоймай, судьялар корпусы санының нақты өсуін қамтамасыз етті. Кадрларды толықтыру көрсеткіші 130 пайыздан асты», – деді спикер.

Өңірлерде бес жыл бойы бос тұрған 64 судьялық лауазым толықтырылды. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында Мемлекет басшысының Жарлықтарымен аудандық соттардың 159 судьясы тағайындалды. Соның нәтижесінде бос тұрған судьялық лауазымдар саны 237-ге дейін қысқарды.

Бұдан бөлек, Жоғары Сот Кеңесі ұсынған 37 кандидат заңнамада көзделген тексерулер мен тағылымдамадан өтуде. Олар тағайындалғаннан кейін бос тұрған судьялық лауазымдар санының шамамен 200-ге дейін төмендеуі күтіледі.