Осылайша, 2025 жылдың сәуір айының соңында «Жаңаталап» учаскесінде бірінші кезектегі объектілер бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары басталып, өткен жылдың қараша айында аяқталды.
«Қазіргі уақытта «Жаңаталап» учаскесінде екінші кезең құрылыс жұмыстары аяқталуда. «Еркінқала» учаскесін жаңғырту жұмыстарын бастау ағымдағы жылдың IV тоқсанына жоспарланған. Құрылыс-монтаж жұмыстары жер қойнауын пайдаланушы NCOC компаниясының өтемақы қаражаты (бюджеттен тыс) есебінен жүргізілуде. Атырау бекіре балық өсіру зауытын жаңғырту өндірістік қуаттылықты арттырып қана қоймай, шабақтарды шығаруды 5 млн-нан 7,5 млн данаға дейін жеткізуге мүмкіндік береді», – деді спикер.
Айта кетерлігі, қазір елде балық ресурстарын көбейтумен, сирек және жойылып бара жатқан балық түрлерін сақтаумен айналысатын 3 мемлекеттік балық өсіру питомнигі жұмыс істейді. Бекіре, тұқы және ақсақа тұқымдас балықтарды өсіру және дамыту үшін балық питомниктерін жаңғырту және күрделі жөндеу, техника мен жабдықтарды жаңарту қажет. Осы мақсатта құрылыс және қайта құру жобаларының сметалық құжаттамасы әзірленді, қаржыландыру мәселесі шешілгеннен кейін тиісті жұмыстар оларға да жүргізілетін болады.
Аквашаруашылықты дамытуға мемлекеттік қолдау шаралары арқылы ерекше көңіл бөлінуде. 2021 жылдан бері субсидия көлемі 11,5 есеге өсіп, биыл 5,3 млрд теңгеге жетті. Қабылданған шаралардың нәтижесінде жыл сайын балық өсіретін шаруашылықтар саны артып келеді. 2021 жылдан бүгінге дейін олардың саны 2 есе көбейіп, 684 шаруашылыққа жетті. 2025 жылы 23 мың тонна балық өсірілді.
Былтыр негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 5,8 млрд теңгені, ал 2026 жылдың 5 айында 4 млрд теңгені құрады. Өз кезегінде, 2021–2025 жылдар аралығында жалпы құны 24,1 млрд теңгені құрайтын және жылдық жобалық қуаты 22 мың тоннадан асатын балық өсіру және өңдеу бойынша 95 жоба іске асырылды.
Сонымен қатар бүгінгі таңда балық шаруашылығы саласында іске асыру мерзімі 2028 жылға дейін белгіленген, инвестициялар көлемі шамамен 60 млрд теңгені құрайтын 41 ірі жобадан тұратын пул қалыптастырылды.
Олардың ішінде ең ірі жобалар Алматы, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар және Маңғыстау облыстарында жүзеге асырылуда.