Әлем чемпионатына дайындық жарыс аренасымен ғана шектелмейді. 18-23 қазан аралығында Астанадағы Халықаралық күрес академиясының базасында Чемпионат алдындағы халықаралық оқу-жаттығу жиыны өтеді. Жоспар бойынша 350-ден астам балуан дайындықтан өтеді. Олардың қатарында АҚШ, Жапония және басқа да жетекші күрес елдерінің өкілдері бар.
«Яғни әлемнің мықты балуандары Қазақстанға тек жарысқа қатысу үшін емес, Чемпионат алдындағы соңғы дайындық кезеңін өткізу үшін де келеді. Осындай ауқымды Чемпионаттың артында үлкен команда тұр. Дайындық Туризм және спорт министрлігімен, Астана қаласының әкімдігімен, Біріккен күрес әлемімен және басқа да серіктестермен бірлесіп жүргізілуде», – деді спикер.
Чемпионатты ұйымдастыруға 250 волонтер жұмылдырылады. Олар қонақтарды қарсы алу, аккредиттеу, ақпараттық қолдау және аренадағы жұмыс сияқты көптеген шараға қатысады. Бұл жастар үшін халықаралық деңгейдегі үлкен спорттық іс-шараны ішінен көріп, нақты тәжірибе алудың мүмкіндігі.
Сонымен бірге қазақстандық жаттықтырушылар, төрешілер, спорт менеджерлері, дәрігерлер, телевизиялық және техникалық мамандар халықаралық әріптестермен тікелей жұмыс істейді.
Бұл Чемпионаттың ең маңызды міндеттерінің бірі – жаңа буынды күреске жақындату. Бүгін спорт мектептері мен секцияларында жаттығып жүрген балалар қазан айында әлемнің үздік балуандарын теледидардан ғана емес, өз елінде, өз көзімен көре алады.
Кейде үлкен спортқа деген арман дәл осындай бір сәттен басталады. Сондықтан күндізгі жарыс сессияларына спорт мектептері мен күрес секцияларында жаттығатын балалар үшін тегін билеттер қарастырылған.