Ел тарихында тұңғыш рет өтетін Құрылтай сайлауына арналған медиажоба барысында қоғамдағы өзекті тақырыптар талқыланып, сайлау барысынан үздіксіз ақпарат беріледі. Оған қоғам қайраткерлері, белсенді азаматтар, өз саласында жетістікке жеткен мамандар, БАҚ өкілдері, сарапшылар, блогерлер, спортшылар мен өнер жұлдыздары қатысады. 

Іс-шара аясында бірнеше алаң жұмыс істейді. Басты сахнада түрлі тақырып бойынша спикерлер ой бөліседі.

Орталық коммуникациялар қызметі ұйымдастырған брифинг алаңында шетелдік байқаушылар сөз сөйлейді, сондай-ақ сайлау науқанының барысы туралы ресми ақпарат ұсынылады.

Көрермендерге статистикалық мәліметтер, сарапшылар пікірі, мотивациялық дәрістер, сұхбаттар мен түрлі викториналар ұсынылады. Сонымен қатар елдегі ірі құрылыс нысандарынан арнайы репортаждар жасалады.

Марафонның басты ерекшелігі – Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан тікелей қосылымдар ұйымдастырылады. Эфир барысында үш мегаполистің тыныс-тіршілігі көрсетіліп, қалалардың көрікті жерлерінен репортаждар, тұрғындармен және түрлі сала өкілдерімен сұхбаттар ұсынылады.  

Жалпыұлттық online-марафон республикалық және аймақтық медиа ресурстрдың ресми сайттары мен әлеуметтік желілерінде тікелей көрсетіледі. Марафонға қатысты жедел жаңалықтар, маңызды ақпараттар «Онлайн марафон – 2026» Telegram арнасында жарияланып отырады.