Пациент үшін бұл тағайындалған тегін дәрілік заттарды атаулы және уақтылы алуға кепілдік беруді білдіреді. Ал мемлекет пен денсаулық сақтау жүйесі үшін – қаржы қаражатын тиімді жұмсау және дәрілік заттардың айналымын толық қадағалау мүмкіндігін қамтамасыз етеді.

Бүгінде дәрілік заттарды таңбалау жүйесі 1,01 млрд қаптаманы қамтиды. Цифрлық тізбек дәрілік заттың дәріханаға және нақты пациентке дейін жеткізілуін қадағалауға мүмкіндік береді, ал «Әлеуметтік әмиян» арқылы беру кезінде препараттың түпнұсқалығы қатар тексеріледі.

Цифрландыру арқылы дәрілік заттар нарығының ашықтығын қамтамасыз ету нәтижесінде бюджетке қосымша 23,9 млрд теңге салық түсімі түсті.

2026 жылы амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету шеңберінде 1,9 млн пациентке 8,6 млн-нан астам электрондық рецепт жазылды. Бүгінде дәрі-дәрмек берудің 82%-ы «Әлеуметтік әмиян» арқылы жүзеге асырылады.

Осылайша, дәрілік заттарды жай ғана электрондық есепке алу емес, препаратты өндіру мен тіркеуден бастап сатып алу, жеткізу, босату және нақты пациенттің алуына дейінгі барлық кезеңді қамтитын тұтас бақылау жүйесі қалыптасуда.