Тұжырымдаманың негізгі міндеті – 2029 жылға қарай экономиканың энергия сыйымдылығын 10%-ға төмендету. Сондай-ақ өнеркәсіп саласы бойынша жеке көрсеткіш белгіленген – 2021 жылғы деңгеймен салыстырғанда 2029 жылға қарай энергия сыйымдылығын 10%-ға төмендету.

«Тұжырымдама негізгі секторларды қамтиды. Олар - өнеркәсіп, энергетика, бюджеттік сектор, тұрғын үй секторы, халық және көлік. Энергия сервистік нарығын дамытуға және энергия тиімділігі жобаларын қаржыландыру тетіктеріне, сондай-ақ цифрландыруға, білім беруге және ақпараттандыруға ерекше көңіл бөлінеді. Өнеркәсіп саласында энергия тұтыну нормативтерін жетілдіру, энергияны көп қажет ететін жабдықтарды жаңғырту, сондай-ақ энергия үнемдеу жобаларын іске асыру үшін қаржыландыру тарту көзделген», – деді Олжас Әлібеков.

Оның айтуынша, бұл жұмысты тиімді басқару үшін мемлекет энергия тұтынудың көлемі мен құрылымын нақты білуі қажет. Энергия тұтынуды есепке алу, талдау және бақылаудың негізгі құралы – Мемлекеттік энергетикалық тізілім.

Бүгінде Мемлекеттік энергетикалық тізілімге 22 мыңнан астам субъект енгізілген. Жылына 50 мың және одан да көп тонна шартты отын тұтынатын ірі энергияны көп қажет ететін кәсіпорындарға ерекше назар аударылады. Олар үшін энергия тиімділігінің нысаналы көрсеткіштері белгіленген.

«ТОП-106 құрамындағы 53 кәсіпорын өнеркәсіп саласына жатады. Бұл жай ғана ірі кәсіпорындардың тізімі емес. Бұл –  тұтынушылардың негізгі тобы. Мұнда тиімділікті аз ғана арттырудың өзі экономика үшін айтарлықтай нәтиже бере алады», – деп атап өтті спикер.

2025 жылдың қорытындысы бойынша ең ірі энергия тұтынушылардың ТОП-10 тобына кіретін кәсіпорындардың энергия ресурстарын тұтыну құрылымында ең жоғары үлес энергетика секторына тиесілі – 44,7%. Өнеркәсіптің үлесі – 42,4%, ал мұнай-газ саласының үлесі шамамен 13%-ды құрайды.

2025 жылы ең ірі он тұтынушы жиынтығында 34 млн тонна шартты отын пайдаланған. Бұл Қазақстандағы жалпы энергия тұтыну көлемінің шамамен 30%-ын құрайды.

Осылайша, ең ірі он тұтынушы елдегі энергия тұтынудың іс жүзінде үштен бір бөлігін қалыптастырады.

Олжас Әлібековтің айтуынша, ірі тұтынушылармен жұмыс істеу ел экономикасының жалпы энергия сыйымдылығына ықпал етудің ең тікелей құралдарының бірі болып табылады.

Он ірі субъектінің энергия үнемдеу жөніндегі іс-шаралар жоспарын орындауы 1,6 млн тоннадан астам шартты отын көлемінде энергия үнемдеу әлеуетін іске асыруға мүмкіндік береді. Бұл, өз кезегінде, өндірістік процестердің энергия тиімділігін арттыруға және қоршаған ортаға кері әсерді азайтуға ықпал етуі тиіс.

Мемлекеттік энергетикалық тізілімдегі ең ірі он субъект энергия үнемдеу әлеуетін толық іске асырған жағдайда, Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің энергия сыйымдылығы 1,5%-ға төмендеуі мүмкін.