Оның айтуынша, бұған дейін мемлекеттік инспекторлар экологиялық есептеулерді, соның ішінде ластаушы заттардың қоршаған ортада таралуын есептеуді қолмен жүргізген. Бұл процестерді цифрландыру инспекторлардың жүктемесін 50%-ға азайтып, мемлекеттік қызмет көрсету мерзімдерін қысқартуға мүмкіндік береді.
Экологиялық рұқсат алғаннан кейін табиғат пайдаланушылар мерзімді есептілік тапсыруға міндетті. Осы деректерді жинау және жүйелеу үшін Қоршаған ортаның жай-күйі туралы ұлттық деректер банкі жұмыс істейді. Көпфункционалды платформа «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істеп, экологиялық ақпаратты біріктіреді және мемлекет, қоғам мен табиғат пайдаланушылар арасындағы өзара байланысты қамтамасыз етеді.
Қазіргі таңда Қоршаған ортаның жай-күйі туралы ұлттық деректер банкі алты модульден тұрады. Олардың қатарында автоматтандырылған мониторинг жүйесі, өндірістік экологиялық бақылау, қалдықтар мен көміртегі шығарындыларының мемлекеттік кадастрлары, сондай-ақ ластаушы заттардың шығарындылары мен тасымалдарының тіркелімі бар.
Экологиялық бақылаудың сапасы мен жеделдігін арттыру үшін жасанды интеллект модулі тәжірибелік пайдалануға берілді. Ұлттық деректер банкіндегі барлық экологиялық ақпарат негізінде «EcoAgent» ЖИ құралы енгізілді.
«Құрал барлық ақпаратты талдайды, деректерді салыстырады. Бұған дейін берілген, лимиттер көрсетілген рұқсаттардағы мәліметтерді табиғат пайдаланушылар ұсынған есептілікпен салыстырып, сәйкессіздіктер мен ауытқуларды анықтайды. Егер осындай ауытқулар немесе сәйкессіздіктер анықталса, мемлекеттік инспекторға мәселе бар екенін хабарлап, тиісті ұсынымдар береді», – деді спикер.