Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев өңірдің негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштеріне тоқталды. Үстіміздегі жылдың 10 айында экономиканың өсуі өткен жылмен салыстырғанда 2% көбейді. Бұған өндіріс, инвестиция тарту, құрылыс, ауыл шаруашылығы салаларындағы оң өзгерістер ықпалын тигізді. Аймақ басшысының сөзінше, бұл көрсеткіштер былтырғыдан жоғары, республикалық көрсеткіштен төмен емес. Жұмыссыздық деңгейі былтырғыдай – 4,9%.

«Өнеркәсіпті дамытудың бір көзі осы саладағы жобаларды жүзеге асыру болып табылады. Қазіргі кезде мұнда 255 миллиард теңгенің өнімі шығарылды. Жалпы, өңір бойынша құны 1 трлн теңгеден асатын жобалар қолға алынды. Бүгінде 94 млрд теңгелік 17 жоба іске асырылып, нәтижесінде 1300 жаңа жұмыс орны ашылды. Бұдан басқа, күн, жел, суды пайдалану бойынша жобалар бар. Олардың арқасында экономикаға кем дегенде 54 млрд теңге құйылатын болады. Оған қоса, балама энергия ретінде пайдалану жөнінде алынатын энергия көлемі 400 МВт болады. Бұл электр қуатының үлесі жалпы көлемнің 1/3 құрайды», - деді Б.Сапарбаев.

Сонымен қатар, мемлекет басшысының тапсырмасымен өнеркәсіпті, шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында қолға алынған «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында Жамбыл облысында 196 жоба жүзеге асырылуда, жалпы құны – 74 млрд теңге, бүгінде 147 жоба мақұлданып, құны 49 млрд теңгені құрайтын 135 жобаны қаржыландыру басталды. Ол негізінен минералды тыңайтқыштар шығаратын жобалар, солардың нәтижесінде кем дегенде 2700-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады, 8 млрд теңге көлемінде салық төленеді.