2019 жылмен салыстырғанда 2020 жылы балалы отбасыларды әлеуметтік қолдауға республикалық бюджеттен және мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан шығыстар 209,5 млрд.теңгеге ұлғайды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов мәлімдеді.

Ведомство басшысының ақпараты бойынша, мемлекет балалы отбасыларға республикалық бюджеттен берілетін жәрдемақының 6 түріне кепілдік береді (бала тууға; 1 жасқа дейінгі баланы күтуге; «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған көп балалы аналарға; көп балалы отбасыларға; мүгедек баланы күтуге; бала кезінен I топтағы мүгедекке күтім жасауға).

Сондай-ақ, республикалық бюджеттен декреттік демалыста отырған әйелдерге зейнетақы жарналары субсидияланады. Анықтама: 2019 жылы бұл мақсаттарға 372 млрд.теңге: жәрдемақы төлеуге – 200 млрд. теңге; МӘСҚ-дан әлеуметтік төлемдерге – 167 млрд. теңге; зейнетақы жарналарын субсидиялауға – 5 млрд. теңге бағытталды.

«2020 жылы балалары бар отбасыларды қолдауға жалпы 581,5 млрд.теңге, оның ішінде жәрдемақы төлеуге – 389 млрд. теңге, МӘСҚ әлеуметтік төлемдерге – 186,5 млрд. теңге, зейнетақы жарналарын субсидиялауға – 6 млрд. теңге бағыттау жоспарлануда», – деп хабарлады Біржан Нұрымбетов.