2020 жылдың 9 айының қорытындысына сәйкес, ҚДБ қаржыландырған жобалар бойынша бюджетке төленген салық мөлшері 187 млрд. теңгені құрады. Сондай-ақ, 1 трлн. теңгелік өнім экспортталып, 1 трлн. 300 млн теңгелік өнім сатылған. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қазақстанның Даму Банкі басқарма төрағасының орынбасары Думан Әубәкіров хабарлады. ҚДБ 2015-2019 жж. арналған индустриялық инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының негізгі операторы болып табылады.

«Осы бағдарлама бойынша 26 инвестициялық жоба мақұлданды. Атап айтқанда, Ақтөбе рельс-арқалық зауыты, цианисті натрий өндіру зауытын салу, теміржол дөңгелектерін өндіру кешенін құру, Шымкент қаласында трансформаторлар өндіру, Шымкентте метил-трет-бутил эфирін өндіру және т.б. индустриялық жобалар. Индустриялық-инновациялық жобаларды жүзеге асыру кезінде 5,5 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылды», - деді Д.Әубәкіров.

Жалпы, 2015 жылдан бастап Қазақстанның даму банкі экологиялық таза өндіріс орындарын несиелендіріп келеді. Оның ішінде, су электр станциялары, күн және жел электр станцияларының жобалары жүзеге асырылуда.

Сондай-ақ, 2020 жылы Банк қаржыландырған 9 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 1900 астам жаңа жұмыс орны құрылды.