Қазіргі кезде жеке және заңды тұлғаларға 44 мемлекеттік қызмет көрсетіледі, оның ішінде 38-і - электрондық түрде. Бұл локдаун кезеңінде аса маңызды және өзекті болды – деп мәлімдеді ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Марат Сұлтанғазиев ОКҚ алаңында өткен брифингте.

Ол 2020 жылы 22,3 млн мемлекеттік қызмет көрсетілгенін, оның 97%-і электронды түрде ұсынылғанын атап өтті.

«Байланыс орталығы өз жұмысын жалғастыруда, 2020 жылы салық төлеушілердің 670 мыңнан астам өтініші өңделді. Пайдаланушылардың 91%-і операторларымыздың жұмысын «өте жақсы» деп бағалады. Бұл «еститін мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру жағынан. Күніне 2 мыңға жуық қоңырау қабылдаймыз. Көбінесе адамдар жергілікті салықтарды төлеу, салық берешегінің сомалары және басқа да мәселелер бойынша өтініш береді», - деп атап өтті М.Сұлтанғазиев.

Ол сондай-ақ өсімақыны есептен шығару бойынша салықтық рақымшылық аяқталғанын еске салды. Оны 1,1 млн азамат пайдаланды. Олар 15 млрд теңге көлеміндегі негізгі қарызды төледі. Есептен шығарылған өсімақы 2,1 млрд теңгені құрады.