Қарағанды облысында халықты орталықтандырылған ауыз сумен және су бұрумен қамтамасыз ету бойынша 90 жобаны іске асыру жалғасуда. Бұл туралы өңір басшысы Жеңіс Қасымбек Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифинг барысында мәлімдеді.

«Нұрлы жер», «Нұрлы жол» және «Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламалары аясында халықты орталықтандырылған ауыз сумен және су бұрумен қамтамасыз ету бойынша 13,8 млрд теңгеге жобалар іске асырылуда, бұл жыл қорытындысы бойынша қала халқын орталықтандырылған сумен қамтамасыз етуді 98%-ға, ауыл халқын – 89,9%-ға дейін жеткізуге мүмкіндік береді. Қала халқы 2021 жылға қарай толық, ал 2023 жылға қарай ауыл тұрғындары қамтамасыз етіледі, - деді Жеңіс Қасымбек.

Оның айтуынша, Қарағанды облысында Жезқазған мен Сәтбаевты тұрақты сапалы сумен жабдықтау мәселесі өзекті. Қазір «Қазақмыс» корпорациясының қаражаты есебінен Кеңгір су қоймасынан 1 шақырым резервтік су тартқыштың құрылысы аяқталды. Жыл соңына дейін Үйтас-Айдос суағарын қайта жаңарту жобасы әзірленеді.

Бұдан басқа, ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі құны 7,01 млрд теңгені құрайтын Есқұла су тартқышын салу және қайта жаңғырту жобаларын іске асыруда. Мұның бәрі Жезқазған мен Сәтбаев тұрғындарын үздіксіз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.