Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында Сауда және интеграция министрлігіне - тауарларымызды экспортқа жылжыту үшін қолайлы жағдайлар жасау бойынша басты міндет қойған болатын. Президент тапсырмасының орындалу барысы мен алдағы жоспарлары туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар алаңында Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев баяндап берді.

Спикердің айтуынша, ең алдымен шекаралас Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан және Қытай нарықтарында сауда жасау қажет. Бұл елдермен трансшекаралық ынтымақтастық үшін барлық құқықтық жағдайлар жасалған.

"2022 жылға қарай Қазақстанның шикізаттық емес экспорттың көлемі 1,5 есеге артады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Ресеймен сауда айналымының үлесі Қазақстандағы жалпы сауданың 19,5% яғни, 18,5 млрд. АҚШ долларын, Қытаймен - 12,3% 11,7 млрд. АҚШ долларын құраса, ал Өзбекстан, Қырғызста және Түркіменстан елдерімен 2 млрд АҚШ долларына жетті", - деді вице-министр.

Бүгінде Сауда және интеграция министрлігі шикізаттық емес экспортты жандандыру мақсатында жеткізілетін тауарлар мен қызметтердің түрлерін кеңейту бойынша жұмыстар жүргізуде. Нәтижесінде, Қазақстанның экспорттқа шығу үшін әлеуеті бар тауар позицияларын айқындады. Қазақстандық кәсіпорындар экспортты Ресейге - 87 тауар позициялары бойынша, Қытайға - 60, Қырғызстанға - 70, Түрікменстанға - 48, Өзбекстанға – 70 тауар бойынша арттыра алатын бірқатар тауарлық позициялар анықталды.