ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында ерлер мен әйелдер арасында салмақ дәрежелері бойынша киокушинкай каратеден IV KWU Әлем Чемпионатын ұйымдастыруға арналған баспасөз конференциясы өтті.

Шараға ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері Комитеті төрағасы Серік Сәпиев, Киокушинкай каратеден Ұлттық Республикалық Федерациясының Президенті Омархан Өксікбаев, Халықаралық Карате (киокушин) Федерациясының Вице-Президенті Пикхолл Дэвид Мартин, Киокушинкай кан каратэ Халықаралық Ұйымының Президенті Хацуо Рояма, Каратэ Халықаралық Одағының бас хатшысы Александр Пичкунов қатысты. Спорт Комитеті төрағасы Серік Сәпиев киокушинкай каратеден Әлем Чемпионатына мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау туралы айтып өтті.

«Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі ерлер және әйелдер арасындағы киокушинкай каратеден Дүниежүзілік Карате Одағының IV-ші Әлем Чемпионатына жан-жақты қолдау білдірді. Аталған Чемпионатқа іріктеу ҚР бірлескен Чемпионаты негізінде жүргізілді. Жарыстан соң, спортшылар допинг бақылаудан өтіп, келісілген жоспар бойынша дайындықты бастап кетті. Спортты дамыту дирекциясы спортшыларды бір формамен қамтамасыз етті. Оқу-жаттығу жиындарын ұйымдастырып, дәрігер және тағы басқа қажеттіліктерін жапты», - деді Серік Жұманғалиұлы.

Өз кезегінде Омархан Нұртайұлы Ұлттық құраманың дайындығына тоқталды.

«Бүгінгі таңда біздің жігіттер Әлем Чемпионатына сақадай сай. Аталған жарысқа Қазақстан атынан екі құрам шығады, яғни өз жерімізде өтіп жатқасын бізге осындай мүмкіндік берілді. 15 салмақ дәрежесі бойынша 30 спортшы жарыс алаңына шығады. Жалпы Әлем Чемпионатынан үмітіміз көп, кем дегенде екі алтын алуымыз керек. Сеніп отырған жас спортшыларымыз да жоқ емес», - деді Омархан Нұртайұлы.

Киокусин Халықаралық Одағының бас хатшысы Александр Пичкунов Чемпионаттың басты мақсаты – әлемдегі киокусин ізбасарларының басын қосу деді.

«Біз аталған спорт түрімен айналысатын спортшыларды бір тудың астына біріктіргіміз келеді. Әлем Чемпионаттары екі жылда бір рет өтеді. Кикокусин Халықаралық Одағының құрамына кірмейтін ұйымдармен де жұмыс істеуге дайынбыз», - деді ол.

Айта кетейік, жалпы Әлем Чемпионатына әлемнің 54 мемлекетінен 301 спортшы келді.