Түркия Ұлы Ұлттық Жиналысының депутаты Исмет Учма осындай пікірін білдірді. Ол ТүркПА-ның құқықтық мәселелер және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі комиссиясының басшысы. Миссия Қазақстандағы сайлау барысын бақылады.

Спикер әйелдер мен жастарға арналған квотаға және партия мүшелерінің шегін екі есе төмендетуге қатысты реформаларға тоқталды. Ол 10 қаңтарда тікелей дауыс беру мен сайлауды бақылауға дейінгі жұмыс туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Исмет Учма науқанның, дайындық пен өткізідің жақсы ұйымдастырылғанын, барлық саяси партиялардың құқықтары мен мүмкіндіктерінің сақталғанын атап өтті. Бақылаушылар миссиясының басшысы сайлаушылардың азаматтық белсенділігіне тәнті.

«Біз бюллетеньдерді санау мен дауыс беруді бақыладық. Жергілікті бақылаушылармен сөйлестік. Барлық саяси партиялар үшін өз құқықтарын іске асыру бойынша мүмкіндіктер жасалды. Партиялардың өз бақылаушылары болды, бұл оң үрдіс. Сондай-ақ әйелдер мен жастардың сайлауға қатысуға мүдделі екенін байқадық. Олар болашақты құруға атсалысуға ниетті. Институционалдандыру тұрғысынан бұл реформалар демократияландыруды дамытуға өз үлесін қоса алады. ОСК мәліметтері бойынша, сайлаушылардың 63,13% дауыс берген. Егер Еуропамен салыстыратын болсақ – бұл сайлауға келудің айтарлықтай жоғары деңгейі. Мониторинг барысында біздің миссиямыз сайлаушыларды тіркеу процесі жақсарғанын байқады. Ақпарат министрлігі онлайн-платформа әзірлеген. Біздің миссиямыз сайлау кәсіби және демократиялық тұрғыдан жақсы деңгейде өтті деп санайды. Сайлау транспарентті, ашық болды. Халықаралық стандарттар мен нормаларға сәйкес келеді. Мұны біз дауыстарды санау барысында да байқадық. Сайлау учаскелерінде жұмыс істеген барлық адамдар түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жан-жақты ақпарат берді», - деді Исмет Учма мониторинг қорытындысымен бөлісе отырып.

Сондай-ақ ол келесі сайлауда дауыс беру пункттерінде адамдардың жаппай жиналуын болдырмау үшін сайлау учаскелерінің санын көбейтуді, әр учаскеге 800-1000 емес, екі есе аз сайлаушыны тіркеуді ұсынды. Бұл есептеуді де жеңілдетеді.