Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен эпидемиологиялық жағдайға сәйкес, 2020-2021 жылдарға арналған оқу процесін ұйымдастыру бойынша брифингте ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді. Оның айтуынша, қазір кезекші сыныптарда оқып жүргендердің саны жалпы бастауыш сынып оқушыларының 50 пайызына да жетпейді.

«1-сыныпта оқушылардың 55 пайызы, 2-сыныпта – 35 пайызы, 3-сыныпта – 27 пайызы, 4-сыныпта тек 24 пайызы ғана сабаққа қатысуда. Жалпы, 1-4 сыныптарда ел бойынша 1 млн 300 мың бала болса, соның тек 547 мың баланың ата-анасы балалардың мектепке білім алуына келісімін берген»,- деді А.Аймағамбетов.

Ведомство басшысы атап өткендей, бүгінде 2,6 млн бала қашықтан, 800 мың бала дәстүрлі форматта оқып жатыр. Оның ішінде 547 мың бала – кезекші сыныптарда. Бұл жалпы оқушылар санының 16 пайызын құрайды.

«Сонымен қатар, 250 мың бала 180-ге жуық мектепте дәстүрлі форматта білім алуда. Бұл жалпы оқушылар санының 7,3 пайызы. Нәтижесінде, жалпы оқушылардың 24 пайызы дәстүрлі форматта оқып жүр. Сондай-ақ еліміздегі 7 мың мектептің 3 мыңы, шалғайдағы орналасқан кішігірім мектептер дәстүрлі форматта оқуын жалғастырып жатыр», - деді БҒМ басшысы.