Бүгінде Қазақстанда 128 жоғары оқу орны бар, оның 56-сы мемлекеттік. Бірақ жоғары білім сапасын арттыру үшін біз меншік нысанына назар аудармаймыз. Ең басты мәселе - жоғары оқу орындарының академиялық дербестігі кеңеюде. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте білім және ғылым вице-министрі Мирас Дәуленов жоғары білім берудегі өзгерістерді осылай түсіндірді.

Оның айтуынша, 2018 жылы ЖОО-ның академиялық және басқарушылық еркіндігін кеңейтетін заң қабылданған сәттен бастап іс-қимыл еркіндігінің 85%-ына қолжеткізілді. Университеттер өз бетінше 9999 білім беру бағдарламасын әзірледі. Олар БҒМ тізілімінде тіркелді.

«Осы заңды қабылдау нәтижесінде заңға тәуелді нормативтік актілер деңгейінде бірқатар жүйелі өзгерістер қабылданғанына және ЖОО-лардың ұсынылатын білім сапасы үшін жауап беру мүмкіндігі болуы үшін ЖОО-лардың академиялық еркіндігі кеңейтілгеніне назар аударғым келеді. Бұдан басқа, 2021 жылдан бастап ЖОО-лар өз үлгісіндегі дипломдар табыстайтын болады, бұл да олар ұсынатын сапа үшін жауапкершілікті арттырады. Бұған қоса, заңның әлеуеті әлі де таусылмағанын айтқым келеді. Осы жылдың тамыз айында Білім министрі Жоғары білім беруді дамытудың дағдарысқа қарсы жоспарын жариялады.

Жоспарда бірнеше нақты шаралар қарастырылған. Олардың ішінде, жекелеген бағыттар бойынша ғылыми дәрежелілікке, штатқа және базалық білімге байланысты талаптардың күшін жою бар. Бұл жоғары оқу орындарына оқыту үшін практикалық қызметкерлерді көбірек тарту қажеттілігіне байланысты. Осы шектеулерді алып тастау білім беру сапасын арттыруға және оны практикаға бағдарлауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, біз оқу құны мен грант құнының арақатынасы туралы талаптарды жойдық. Биылғы жылы гранттың құны айтарлықтай өскенін білесіздер. Кейбір жағдайларда ол 1 млн теңгеге дейін өсті», - деп түсіндірді вице-министр.

Сонымен қатар, жоғары оқу орындарының оқытушыларына тікелей әсер етіп, қажетсіз жұмыстар жүктеген есептілік едәуір қысқарды. Студенттерге, магистранттарға, докторанттарға арналған сынақ кітапшалары алынып тасталды. Оқытушының жұмыс уақытын есепке алу тізімдемесі жойылды. Енді барлық деректер электрондық форматта жүргізіледі.