Мемлекет басшысы Жолдауда мемлекет жауапкершілігінің бұлыңғырлығына және азаматтардың өз құқықтарын түсінбеуіне жол бермей, Қазақстанда әлеуметтік саясаттың жаңа парадигмасын әзірлеу қажеттігін атап өтті. Қарулы Күштерде тиісті жабдықталым және медициналық қамтамасыз ету нормаларын жеткізудің толықтығы мен сапасымен қоса, әскери қызметшілердің тұрғын үй-тұрмыстық жағдайларын жақсарту жөніндегі жұмыс жалғасуда. Бұл қорғаныс қабілетін қолдау және әскери қызметтің беделін арттыру, әскерге дарынды мамандарды тарту үшін маңызды. Сондықтан биыл әскери қызметшілерді әлеуметтік тұрғыда қамтамасыз етуге ведомствоның жалпы жылдық бюджетінің 67 пайызы жұмсалды.

«Президенттің Әкімшілік реформа туралы Жарлығының және жүргізілген функционалдық талдаудың арқасында алғаш рет басқару органдарына ғана емес, әскерлерге тоқсандық сыйақы беру тәжірибесі қолданылды. Сыйақылардың көлемі әр әскери қызметшінің атқарған қызметінің нәтижесіне байланысты. Ішкі қорлар есебінен анағұрлым тапшы мамандықтарға –жауынгерлік және ауыр жүк машиналарының жүргізушілеріне, атыс қаруы мен оқ-дәрілер қоймалары мен сақтау орындарының басшыларына, яғни 4 мың әскери қызметшінің тарифтік разрядтары өсті. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша келесі жылдан бастап күш құрылымдары үшін азық-түлік өнімдеріне бөлінетін қаржы көлемі 40% ұлғайтылатын болады. Сондай-ақ, алдағы үш жыл уақыт ішінде әскери қызметшілерге қаржылық төлемдер өседі», - деп атап өтті Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Өмір сүру сапасына тоқталған генерал-лейтенант, әскери бөлімдер мен әскери қалашықтар аумағында 50-60 жыл бұрын слынған 600-ден астам нысанға ағымдағы жөндеу жүргізілгенін атап өтті. 30 ғимаратта күрделі жөндеу жүргізілді. Казармалық-тұрғын үй қорының жаңа объектілері, оның ішінде жеңіл модульдік құрылыстар, атап айтқанда казармалар, асханалар, қоймалар, оқу және спорт кешендері салынуда. Биыл осындай 56 ғимарат салынды.

«Әскери қызметшілердің тұрғын үй мәселесі де шешілуде. 2018 жылдан бастап 4 мыңнан астам әскери қызметші жеңілдетілген ипотекалық несиелеу арқылы тұрғын үй бағдарламалары бойынша тұрғын үй сатып алды», - деді Ермекбаев.

Ресми мәліметтерге сәйкес, 20 жылдан астам еңбек өтілі бар 87 әскери зейнеткер тұрғын үйді өтеусіз жекешелендіру құқығының орнына ақшалай өтемақы алды. Жабық қалашықтарда тұратын 20 жылдан кем еңбек сіңірген 262 бұрынғы әскери қызметші тұрғын үй алды.