Бұл туралы Орталық коммуникация қызметінде өткен брифингте ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов мәлімдеді. Бұл тез әрі оңай. Бүгінгі таңда әлеуметтік төлемдерді тағайындау кезінде IBAN карточкалық шоты қажет. Оны ашу үшін банкке бару керек. Ал бұл әлеуметтік төлем алушыларға қосымша ыңғайсыздықтар туғызады.

«Әлеуметтік көмекті алуды жеңілдету үшін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ЖСН арқылы әдеттегідей ашылатын «электрондық әмиянға» әлеуметтік төлемдерді тағайындау мәселесін қарастыруда. Осы орайда алушы банктік картаға аудару әдісін өзгерте алады. Қаржының сақталуын қамтамасыз ету үшін әмиянда ҚР Ұлттық банкінің электронды ақшасын пайдалану ұсынылады», - деді министр.

Бұдан басқа, әмиянға қол жеткізуге, оның теңгерімін білуге және тауарлар, жұмыстар немесе қызметтер үшін төлемдерді штрих-QR кодты қолданып, ешқандай комиссиясыз жүзеге асыруға мүмкіндік беретін арнайы мобильдік қосымша әзірленеді.