Мемлекет басшысының Әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін тәртіпке келтіру туралы тапсырмасы салалық министрлікте кезең-кезеңмен орындалатын болады. 2021 жылдың екінші тоқсанында әлеуметтік қамсыздандыру кодексінің тұжырымдамасы әзірленеді, содан кейін құжаттың өзі дайындалады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов мәлімдеді.

Оның айтуынша, қазіргі кезде республика азаматтарына 17 заңмен және 100-ден астам заң аясындағы актілермен реттелетін әлеуметтік қамсыздандыру шаралары кең көлемде қамтамасыз етіліп отыр. Сонымен қатар, әлеуметтік көрсеткіштер саласындағы төлемдер мөлшерін есептеу үшін әртүрлі көрсеткіштер негіз болуда: айлық есептік көрсеткіш, күнкөріс деңгейі, ең төменгі жалақы және тағы басқа.

«Әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы заңнама, қабылдауға жеңіл болатындай және сапалық тұрғыда жақсарту мақсатында, бірыңғай Кодекске біріктіріледі. Оның тұжырымдамасы 2021 жылдың ІІ тоқсанында әзірленеді, содан кейін оның негізінде Әлеуметтік қамсыздандыру кодексінің өзін әзірлеу басталады. Бұл өте маңызды құжат. Сондықтан онымен жұмыс істеу қоғаммен кең талқылауды қажет етеді, яғни біз барлық ұсыныстарды қабылдап, қарастыратын боламыз», - деді ведомство басшысы.

Сонымен қатар, министр, Кодексті әзірлеу кезінде әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы қолданыстағы заңдар жай біріктіріліп қоймай, тұтастай алғанда әлеуметтік қолдау шаралары жүйеленетіндігін, әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы төлемдер мөлшерін бірыңғай әлеуметтік көрсеткішке (стандартқа) байланыстыру және басқа да мәселелер қарастырылатындығын түсіндірді.

Нұрымбетов құжаттың бастапқы нұсқасы жалпы талқылауға шығарылатынын айтып, отандастарын осы науқанға қатысуға шақырды. Еңбек министрлігі ұсыныстарды қабылдауға дайын.