Жекелеген тұлғалар әлеуметтік желілерде жасанды резонанс тудыру мақсатында бүгін орын алған деп сайлау заңнамасын бұзушылықтар туралы жалған материалдар таратуда. Бас прокуратура олардың дұрыстығын тексерді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Бас прокурорының аға көмекшісі Азамат Сарғазин мәлімдеді.

«Олардың қазіргі сайлау науқанына қатысы жоқ. Мысалы, Whats app мессенджері арқылы сайлау учаскелерінің бірінде сайлау комиссиясының мүшелері алдын ала қол қойған бюллетеньдер табылған бейнежазба таралған. Бұл бұдан бұрын өткізілген сайлау кезінде Нұр-Сұлтан қаласында сайлау учаскелерінің бірінде жүргізілген ескі жазба екендігі анықталды. Мұндай жағдай бір рет қана болды және ол бойынша бірден тиісті шаралар қабылданды. Сондай-ақ, Facebook әлеуметтік желісінде «Алмас Байкадамов» деген пайдаланушы «Бүгін, сайлау комиссиясының мүшесі, Қазақстанда бұрмалау басталды» деген пікірмен жәшіктерге бюллетеньді лақтыру жазбасын жариялаған. Алайда, материалдарды зерделеу нәтижесі бұл бейне Ресей елді мекендерінің бірінің сайлау учаскесінде жасалғандығын көрсетті», - деп түйіндеді прокуратура өкілі.

Сонымен қатар, ол БАҚ-ты немесе телекоммуникация желілерін пайдалана отырып, қоғамдық тәртіпті бұзу қаупін тудыратын көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін ҚК 274-бабы бойынша қылмыстық жауаптылық көзделгенін еске салды.