COVID-19 пандемиясы денсаулық сақтау жүйесіне үлкен сын болды. Қабылданған шараларға қарамастан, Алматы облысында кадр мен құрал-жабдықтар жеткіліксіздігі әлі бар. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте өңір әкімі Амандық Баталов мәлімдеді.

Оның айтуынша, өңірде 12,9 млрд теңгеге денсаулық сақтау саласының 17 нысаны салынуда. Сондай-ақ 7 нысанның күрделі жөндеуіне 3 млрд теңге бөлінді. Талдықорған қаласында қысқа мерзім ішінде 200 төсек-орындық модульді инфекциялық аурухана салынды. Ол барлық қажетті заманауи құрал-жабдықтармен және штатпен қамтылды.

Жалпы, пандемиямен күрес шараларына жергілікті бюджеттен 13,8 млрд теңге бөлінді, соның 8,8 млрд теңгесі екінші толқынына дайындыққа қарастырылды.

5362 медицина қызметкеріне 4,7 млрд теңге көлемінде үстемақы төленді, 1123 медицина маманына жергілікті бюджеттен 137 млн теңге сыйақы берілген.