Жақын күндері өңірдегі дәріханаларға тиісті дәрі-дәрмектер жеткілікті мөлшерде жеткізілетін болады. Оған қоса дәріханаларда тапшы болған дәрілердің аналогтары бар. Бұл жайында бүгін Алматы облысы әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов айтты, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

«Соңғы кездегі індеттің таралу жиілігіне байланысты туындаған жағдайларға орай Алматы облысының көптеген дәріханаларында кейінгі екі аптада бірқатар дәрі-дәрмектің тапшылығы туындады. Қат дәрілердің қатарында Ацетилсалицил қышқылы, Азитрамицин, Зитмак, Зитрокс, Суммамед, Аскорбин қышқылы, Лидокоин, Тромбо асс, Кагоцел, Азитро және т.б. бар. Дегенмен Жақын күндері өңірдегі дәріханаларға тиісті дәрі-дәрмектер жеткілікті мөлшерде жеткізілетін болады. Оған қоса дәріханаларда тапшы болған дәрілердің аналогтары бар», - деді Б. Байжұманов.

Онлайн режимде брифинг өткізген облыс әкімінің орынбасары Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес дәрі-дәрмектің болуы мен бағасын өсіруге жол бермеу мақсатында облыстық бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысымен мониторинг тобы құрылғанын атап өтті. Сол сияқты «Нұр Отан» партиясының аудандық, қалалық филиалдары да бұл мәселені бақылауда ұстайды. Спикердің айтуынша, дәрі-дәрмектің көтерме және бөлшек саудасы мәселесі бойынша өзара ынтымақтастық туралы үш жақты Меморандумға қол қойылған.

«Қазақстан Республикасының фармацевтикалық қызметті қолдау және дамыту қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің Алматы облыстық филиалымен бірге облыстағы фармацевтикалық қызмет субъектілерінің бөлшек саудасындағы дәрілік заттардың бағасына ҚР ДМ 2019 жылғы 15 шілдедегі № 104 бұйрығымен бекітілген бағаның шекті мөлшеріне сәйкестігіне мониторинг жүргізілді. Мәселен, 7 маусымдағы мәлімет бойынша, Алматы облысындағы фармацевтикалық қызметпен айналысатын 70 нысанға мониторинг жасалған. Алыпсатарлыққа жол бермеу үшін медикаменттердің бір қолға сатылатын көлемі жөнінде кеңінен түсіндіру жұмыстары жүргізілді.