Алматы облысында коронавирус инфекциясына тексеру мақсатында барлығы 100,4 мыңнан астам зерттеу жасалды. Бұл жайында бүгін облыс әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов мәлімдеді, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Брифинг барысында Б. Байжұмановтың айтқанындай, өңірде Ұлттық сараптама орталығы базасында, обаға қарсы зертханада, Еңбекшіқазақ аудандық орталық ауруханасында және «Олимп» жеке клиникасында ПЦР-талдау зертханалары жұмыс істейді. Талдықорғанда «Олимп» клиникасының тағы бір зертханасы ашылады, онда облыс тұрғындарына ақылы негізде және ТМККК шеңберінде қызмет көрсетілетін болады. Сол сияқты Президенттің тапсырмасын орындау мақсатында Талдықорған қаласындағы СПИД-пен күрес және оның алдын алу облыстық орталығының базасында және Іле аудандық орталық ауруханасында тағы 2 зертхана ашу жоспарланған.

Бүгін онлайн режимде брифинг өткізген Б. Байжұманов КВИ-мен сырқаттанғандардың тиімді ем қабылдауына барлық шаралар қабылданғанын айтты. Бүгінгі күні 50 рентген аппараты, 15 компьютерлік томография, 200 ӨЖЖ аппараты бар, 27 ӨЖД аппаратын жеткізу ісі ұйымдастырылып жатыр.

Сол сияқты 10-15 күннің ішінде сомасы 570 млн. теңге болатын тағы 60 бірлік ӨЖЖ аппаратын алу жоспарланған, құны 85 млн. теңгеге оттек концентраторының 100 бірлігі қордағы (резерв) қаражат есебінен сатып алынды. Қосымша медициналық құралдар сатып алу үшін жуық арадағы жергілікті бюджетті нақтылауға бюджеттік тапсырыс дайындалуда.