Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мегаполис экономикасын тұрақтандыруға мүмкіндік берген дағдарысқа қарсы шаралар туралы баяндады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қала экономикасының құлдырауына жол бермеу, жұмыс орындары мен қала тұрғындарының табысын сақтау бойынша шаралар қабылданды.

Экономикалық өсім өнеркәсіп, байланыс, құрылыс салаларында сақталды.

«2020 жылы мегаполистің негізгі капиталына 719,2 млрд. теңге инвестицияланды, оның басым бөлігі жеке инвесторлардың қаражаты. Жыл қорытындысы бойынша Алматыда құны 176,2 млрд. теңге болатын 90 инвестициялық жоба іске асырылып, нәтижесінде 7,3 мың жаңа жұмыс орны ашылады. Мегаполистің негізгі капиталына салынған инвестициялардың жылдық көлемі 900 млрд. теңгеге бағаланады. 2020 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджетке төленетін салықтар мен төлемдер өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1%-ға артық жиналды. Бұл ретте қаланың мемлекеттік бюджет кірістеріндегі үлесі 23,5-тен 25,7% дейін ұлғайды. Осылайша, қала індеттен кейінгі кезеңде тез қалпына келу әлеуетін сақтайды», - деп атап өтті Б.Сағынтаев.

1 желтоқсандағы жағдай бойынша Алматыда 78 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылды, оның ішінде 37 мыңға жуығы тұрақты жұмыс орны. Барлық мемлекеттік бағдарламалар аясында 47,8 мың жұмыс орны құрылды. «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 102 млрд. теңгенің 556 жобасына қолдау көрсетілді. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша 121,2 млрд. теңгенің 66 жобасы мақұлданды. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бойынша ағымдағы жылы 21,7 мың жұмыс орнын құрумен 228 жоба іске асырылуда. Бұл ретте Жұмыспен қамту орталығы арқылы 10,7 мыңға жуық жұмыссыз жұмысқа орналастырылды.

«Алматының Индустриалды аймағында 6,5 мың жұмыс орнын құрумен 200 млрд. теңгеге 53 жоба жүзеге асырылуда. Бүгінгі таңда 2 348 жұмыс орнын құрумен 63,5 млрд. теңгеге 13 жоба іске асырылды. Жыл соңына дейін 453 жұмыс орнын құрумен 17,3 млрд. теңгеге 6 жобаны іске қосу жоспарланған. Сонымен қатар, «ИТП» АЭА базасында жоғары технологиялық индустрияларды дамыту бойынша жұмыс жандандырылуда, АЭА мамандануын кеңейтті, медициналық кластер құрды. «Biopharm», «Dolce Pharm», Қазақ ұлттық медицина университеті жанындағы 1,4 мың орындық аурухана университет жұмысына дайындалуда. Сондай-ақ, мұнда білім берудің ақпараттық-коммуникациялық технологиялары саласындағы жобалар іске асырылуда. Жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар мен Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің жаңа кампусы 6 мыңға жуық студентке арналған», - деді әкім.

Бұл жобаларды іске асыру 400 млрд теңге инвестиция тартуға және 6 мың жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.