Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша халыққа жоспарлы медициналық көмекті 1 тамыздан бастап қалпына келтіру жоспарлары жасалды. Бірінші кезекте КВИ-мен күрес жөніндегі іс-шараларға қатыстырылмаған басқа стационарларды кезең-кезеңмен қоса отырып, республикалық деңгейдегі мамандандырылған клиникаларда, монопрофильді клиникаларда жоспарлы емдеуге жатқызу қалпына келтіріледі. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басқарма төрағасы Болат Төкежанов Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте осылай деді.

Пандемия кезеңінде көптеген жоспарлы қызметтер неғұрлым кеш мерзімге кейінге қалдырылғанын ескере отырып, Қор халықтың қызметтерді тұтынуының айтарлықтай өседі деп болжап отыр. Осыған байланысты Қор медициналық көмек көрсетуді қаржыландыру жоспарына түзетулер енгізеді. Қор болжамынша, 3 тоқсанда жоспарлы көмек көлемі МӘМС жүйесін енгізу кезінде жоспарланғандай жыл басындағы деңгейге дейін өседі.

Анықтама үшін: биылғы жылдың 1 тоқсанында тәуліктік стационарларда 827 мың пациентке (бұл 2019 жылмен салыстырғанда 15%-ға артық) мамандандырылған медициналық көмек көрсетілді, жоспарлы емдеуге жатқызу 79%-ға артты. Медициналық оңалту көлемі 35%-ға артты, бұл ретте инсульттан кейін пациенттерді қамту 2,3 есеге өсті.

Жалпы алғанда, 1 тоқсанда әрбір 3-ші пациент МӘМС қаражаты есебінен емделді.

«Біз денсаулық сақтау жүйесі вирусты жеңе алады және Қор пациенттер алдындағы өзінің іске асырылмаған міндеттемелеріне қайта орала алады деп үміттенеміз», - деді Б.Төкежанов.