Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ басқарма төрағасы Болат Төкежанов мәлімдеді.

Оның айтуынша, қазақстандықтар коронавирус инфекциясы және пневмония кезінде медициналық көмекті Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорындағы мәртебесіне қарамастан тегін алады.

«Коронавирус инфекциясын емдеуге байланысты ТМККК және МӘМС пакеттеріне өзгерістер енгізілді. COVID-19 жұқтырған пациенттерге және COVID-19 жұқтырды деп күдік келтірілген жағдайда мобильді бригада мен стационарлық қызмет үйде көрсетіледі. Бұл қызметтер сақтандыру мәртебесіне қарамастан барлық қазақстандыққа арналған. Қазіргі эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, ТМККК пакетінде «байланыста болған адамдарды, бактерия мен вирус тасымалдаушыларды және инфекциялық ауруға күдікті адамдарды оқшаулау бойынша» қызметтер қарастырылған», - деді Төкежанов.

Бұл өзгерістер сақтандыру мәртебесіне қарамастан, әлеуметтік маңызы бар ауруға шалдыққандарға медициналық көмекті қолжетімді етуге мүмкіндік береді. Бұл әсіресе күзде инфекцияның ықтимал екінші толқына кезінде өзекті.

«Қазір Қор тарапынан коронавирус пен пневмонияға қарсы күрес бойынша іс-шараларды қарыландыру үшін 159 млрд астам теңге қарастырылған. Оның ішінде коронавирус жұқтырған науқастарды емдеуге – 50,5 млрд теңге, эпидемияға қарсы іс-шараларға тартылған медицина қызметкерлеріне үстемақыға - 91,9 млрд теңге, стационарлық деңгейдегі ПТР-зерттеуге – 4,2 млрд теңге, үйдегі стационарда қызмет көрсетуге – 0,4 млрд теңге, амбулаториялық деңгейдегі ПТР-ға - 10 млрд теңге, мобильді бригадалардың жұмысына - 2,4 млрд теңге бөлінеді», - деп нақтылады басқарма төрағасы.

Наурыз-шілде айларында Қор 36,9 млрд теңгені емдеу, ПТР-тестілеу және мобильді бригадалардың жұмысына төледі. Оның ішінде 5,6 млрд теңгеге 500 мыңға жуық ПТР-тест жасалды. Инфекциялық, провизорлық және карантиндік стационарларға емдеуге жатқызуға 31 млрд теңгеден астам жұмсалды. Құрылған мобильді бригадалар шілде айында шақырған 43 мың үйге барған.

Жыл соңына дейін пациенттерге коронавирусқа қарсы шамамен 2 млн ПТР-зерттеу жүргізу, оның ішінде стационарларда 600 мыңға жуық, амбулаториялық - 1,4 млн астам тест жасау жоспарланған.