УДЗ тексеруге келесі айдың соңында бара аласыз, бірақ бөлек ақша төлесеңіз бүгін өте аласыз. Бірден Ішкі аудит қызметіне немесе емханаңыздың пациенттерді қолдау қызметіне барыңыз. Олар мәселені тыңдап, шешімін табады. Шағымдар 1406 номері бойынша қабылданады.

«Тегін көрсетілуі тиіс медициналық қызметті ақылы негізде өтуді ұсынуға жол берілмейді. Кодексте де ТМККК немесе МӘМС пакеттерінде қарастырылған тексерулерді ақылы түрде өткізуге тыйым салатын норма бар. Бұл қызметтерге мониторинг жүргізіледі. Дәрігерлер қызметтерді кейінге қалдырудың пациентке зиян келтіруі, жағдайды ушықтыруы мүмкін екенін естен шығармауы керек. Тіпті кеудедегі ауырсыну да қауіпті жағдайдың белгісі болуы мүмкін. Пациентті ұзақ күттірмей тексеру қажет, оның үстіне мұндай екіұштылық ұсыныстар жасамау керек», - деп наразылық білдірді «ӘМСҚ» ҰАҚ медициналық көмек сапасын мониторингтеу департаментінің директоры Ләззат Шоманова.

Оның айтуынша, азаматтардан келіп түскен осындай әр өтініш жеке қарастырылады және міндетті түрде жауап беріледі. Қор белгілеген диагностикалық қызметтер көлемі жеткілікті және медициналық көмек уақытылы және сапалы көрсетілуі керек. Осы талаптарды бұзғаны үшін қызмет көрсетушілерге медициналық көмекті уақтылы көрсетпегені үшін 111 376 айыппұл санкциясы қолданылды.

«Жалпы, бірінші жартыжылдықта жабдықтаушыларға 4 млрд теңгеден астам сомаға айыппұл салынды. Қор қызметті өтеуден бұрын медициналық көмектің жеткіліктілігіне, қолжетімділігіне, сапасына мониторинг жүргізеді. Бұл жұмыстар күшейтіледі. Өтініштер неғұрлым көп өңделсе, жергілікті жерлердегі жағдайды соғұрлым жақсы білеміз», - деп пациенттерге алғысын білдірді ӘМСҚ департаментінің директоры.