Аннуитеттік компанияға халықтан түскен қаражат талан-таражға түспей ме? Бұған кепілдік бере аласыздар ма? Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте журналистер спикерлерге осындай сауал жолдады. ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Сақтандыру нарығы және актуарлық есеп айырысу департаменті Сақтандыру нарығын дамыту басқармасының бастығы Сағи Әжібектің айтуынша, сақтандыру төлемдеріне кепілдік беретін арнайы қор ашылды.

«Біздің агенттік қаржы ұйымдарының, соның ішінде сақтандыру ұйымарының қызметін қадағалайды. Сақтандыру компаниялары ай сайын есептілік тапсырады. Соның негізінде талдау жасаймыз. Егер кейбір көрсеткіштер нашарласа, қиындықтар туындаса, заңнамада көрсетілген шаралар қабылданады. Осындай қиын жағдайға апармайтын құзыретіміз бар. Ал егер ондай жағдай туындап қалса, сақтандыру компаниясы төлемдерді тоқтатса, онда бүкіл міндеттеме аталмыш сақтандыру төлемдеріне кепілдік беретін қорға жүктеледі», - деді С.Әжібек.

Заң бойынша төлемдердің өсімі 5 пайыздан төмен болмауы керек. Ал адамдар өз қалау бойынша және зейнетақы жинақтарын ескере отырып одан жоғары мөлшерді белгілей алады. Сағи Әжібектің атап өтуінше, сақтандыру компаниясы салымшылардың ақшасын әртүрлі қаржылық құралдарға инвестициялайды.

«Осы мәселені қадағалайтын заң талаптары бар. Ұлттық банктің нормаларына сәйкес, сақтандыру компаниясы қаржыны бағалы қағаздарға, шетелдік валютаға жұмсайды. Мысалы, заң талаптарына сәйкес, компаниялар жоғары рейтингті және ликвидті болуы керек, яғни, қаржы керек болғанда оны тез сатып, төлемдер жүргізу мүмкін болуы үшін осындай талаптар қойылады», - деді спикер.