Партия өкілдері Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте алдағы сайлауда бұрынғы көрсеткіштен 2 есе артық дауыс жинауды жоспарлап отыр. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте «Ақ жол» ҚДП төрағасының орынбасары Қазыбек Жарылқасынұлы мәлімдеді.

«Бәйгеге түскен кез келген дүлдүл озсам дейді. Біздің де үмітіміз зор. Қоғам өсіп келеді, қоғамның ұлттық санасы өсіп келеді. Басқа да партиялар бар. Әлеуметтік желі бар, кімнің кім, қай партияның қандай екенін бәрі біледі. Бірақ оны сайлаушылар анықтайды», - деді партия өкілі журналистің сұрағына берген жауабында.

Спикер атап өткендей, қазіргі кезде партия қатарына жаңа адамдар қосылып жатыр. Олардың қатарында алаштанушы ғалым Сұлтанхан Жүсіпұлы, белгілі жазушы, драматург Өтен Ахмет сияқты тұлғалар бар. Сондай-ақ өңірлерде де танымал адамдардан партия қатарына қосылу туралы өтініштер келіп түсуде.