Асқар Жұмағалиев: «Astana Hub» технопаркі 100% толтырылды.

Astana Hub халықаралық технопаркі 2018 жылы ашылған сәттен бастап 800 стартапқа қолдау көрсетілді. Бүгінгі күні технопарк 100% толтырылды. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз отырысында цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, қолданыста болған 2 жыл ішінде Astana Hub IT-стартаптардың халықаралық технопаркі технологиялық кәсіпкерлік орталығына айналды.

Сондай-ақ, Асқар Жұмағалиев технопарктің аумағында шетелдік қатысушылар үшін жеңілдетілген визалық және еңбек тәртіптері қолданылатынын, технопарктің қатысушылары үшін жеңілдетілген салық салу түрінде салықтық преференциялар қабылданғанын, оларды 260-тан астам отандық компания пайдаланғанын атап өтті. Бұдан басқа «Венчурлік қаржыландыру туралы» заңға қол қойылды. Қазақстандық стартаптар мен ІТ-компаниялар көмегімен тартылған инвестициялар көлемі 32,8 млрд. теңгені құрайды.