Ақпараттың қол жетімділігін қамтамасыз ету. «Халық үніне құлақ асатын мемлекетті» қалыптастыру міндеттерін орындауда қолға алынып отырған жұмыстың басты бағыттарының бірі. Мемлекет басшысы қол қойған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпарат мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға сәйкес, енді әрбір мемлекеттік органда ақпаратқа қол жеткізу мәселелері бойынша уәкілетті тұлға немесе бөлімше айқындалатын болады. Сондай-ақ, биыл алғаш рет Президентке елдегі ақпаратқа қол жеткізу саласының жай-күйі туралы есеп әзірленеді. Бұл туралы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Болат Тілепов ведомствоның алқа мәжілісі барысында мәлімдеді.

Оның айтуынша, жыл сайын мемлекеттік органдардың ашықтық деңгейіне талдау жүргізіледі. Өткен жылы алғаш рет мемлекеттік органдардың өздері ғана емес, олардың ведомстволық бағынысты ұйымдарының қызметі бағалаудан өтті.

«Нәтижесінде ведомстволық бағынысты 150-ге жуық ұйым «Ашық диалог» порталында бірінші басшылардың блогтарын ашты. Еліміздің негізгі идеологиялық құжаты – «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруда ауқымды жұмыстарды қолға алдық. Бағдарлама аясындағы жобаларға 2020 жылы – республика бойынша 8 миллионнан астам адам қатысып, республика бойынша барлық өңірлерде үлкенді-кішілі 30 000-нан астам іс-шара өткізілді. Жалпы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында республикалық және өңірлік іс-шаралар жоспарынан бөлек 17 арнайы жоба іске асырылды», - деді Б. Тілепов.

Ауқымды іс-шаралар кешені бүгінде мазмұндық жағынан түрленіп, жаңа сапаға өтуде. Бұл орайда, биылдан бастап – «Рухани жаңғыру» бағдарламасын Ұлттық жаңғыру кезеңіне өткізудің Жол картасы әзірленіп, іске қосылды. Бұл шаралар жас ерекшеліктерін ескере отырып, халықтың түрлі топтарын қамтиды. Ол қоғамдағы рухани-танымдық сананы жаңғыртып ғана қоймай, интеллектуалдық және парасаттылық құндылықтарын бекітеді.

Вице-министр алға ауқымды міндеттер қойылып, жүйелі жоспарлар бар екендігін атап өтті. Бұл ретте қазақстандықтарды қоғамдағы оң өзгерістер мен жаңа жобаларға жұмылдыруға, азаматтық қоғамда одан әрі нығайтуға басымдық беріледі.