Армениядан келген автокөліктерді тіркеу үшін ХҚКО-ның жұмыс кестесі қайта қаралды.

Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында сөйлеген сөзінде ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Серік Түсіпов Армениядан автомобильдерді тіркеуді жүзеге асыратын азаматтарға ыңғайлы болу үшін Халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмыс кестесі жексенбі күндері сағат 13.00-ге дейін ұзартылғанын хабарлады.

Сондай-ақ, ХҚКО-да Арменияда берілген техникалық паспорттар мен мемлекеттік нөмірлерді автокөлік иелері талап еткенге дейін сақтау жүзеге асырылады. Олардың қайтарылуы автокөлік Қазақстанда тіркеу есебінен шығарылған жағдайда меншік иелерінің сұрауы бойынша жүзеге асырылады.

С.Түсіповтың айтуынша, тіркелген автокөліктерді пайдалану мерзімі шектелмейді. Автокөлік иесі оны пайдалану мерізімін өзі шешуге құқылы. Егер азамат өз автомобилін есептен шығарғысы келсе, онда ол: ағымдағы кезең үшін көлік салығын төлеуге; "қазақстандық" мемлекеттік нөмір мен техпаспортты тапсыруға; "армян" арнайы ХҚКО-нан қайта алуға тиіс. Спикер сондай-ақ Армениядан әкелінген автокөлік иелеріне егжей-тегжейлі кеңес беру үшін өңірлік полиция департаменттерінде call-орталықтардың жұмысы ұйымдастырылғанын, сонымен қатар әрбір мамандандырылған ХҚКО-да халыққа кеңес беруді жүзеге асыратын полиция қызметкерлері бар екенін атап өтті.