Армениядан әкелінген автокөлікті тіркеу заңнамада көзделген алымдарды төлеу қажеттілігінен босатады

ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Серік Түсіпов азаматтар мен журналистерді қызықтырған сұрақтарға жауап бере отырып, Армениядан әкелінген, Қазақстанда тіркеуден өткен автокөлік иелері үшін кәдеге жарату алымын төлеу қажеттілігі жоқ екенін айтты.

«Заңнамада көзделген барлық алымдар (тіркеу үшін алым, утильжинау және кедендік төлемдер) шетелден әкелінген және басқа мемлекеттерде есепте тұрмайтын көліктерді тіркеу кезінде көзделген. Сондықтан да қазіргі уақытта да, кейіннен осы тіркеу шеңберінде кәдеге жарату алымын төлеу бойынша міндеттемелер туындамайды», - деді С.Түсіпов.

Оның ақпаратына қарағанда, Үкіметтің 2020 жылдың қаңтарында қабылданған қаулысы Арменияда автокөлікті есептен алып, оны Қазақстанда әдеттегі тәртіппен тіркегісі келетін автокөлік иелеріне бағытталған.