Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясы барысында ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті төрағасының м.а. Тұрсын Қабдолданов мәлімдеді. Оның айтуынша, құс тұмауы расталған немесе құс тұмауына күдік келтірілген 48 елді мекенде карантиндік шаралар қолға алынды. Зертханалық зерттеулер жедел жүргізілді. Ауылдық жерлерде вакцина жеткізуді ұйымдастыру және екпе жасау мәселесі бақылауға алынды. Бұл ретте екі облыста және 1 республикалық қалада құс тұмауы расталған жоқ.

«Соңғы тәулік ішінде Түркістан, Жамбыл, Ақтөбе, Қарағанды облыстарында, Шымкент қаласында құс өлімі болған жоқ. Сондай-ақ, Солтүстік Қазақстан облысы, Павлодар, Қостанай облыстарында құс тұмауынан болған құс өлімі төмендеді. Құс тұмауы тіркелген елді мекендерде карантиндік шараларға республикалық эпидемияға қарсы отряд мамандары жұмылдырылды», - деді маман.

Спикердің атап өтуінше, 2020 жылдың қыркүйек айында әлем бойынша 26 елде 429 құс тұмауы ошағы тіркелді. Көршілес Ресейде аурудың 28 ошағы анықталған. Осыған байланысты Қазақстан өз тарапынан Омбы және Челябі облыстарынан өнімді әкелуге, өткізуге уақытша шектеулер енгізді. Құстардың өліміне қатысты ҚР АШМ жедел штаб құрылып, барлық тиісті шаралар қабылданды.